Кәсіби біліктілікті растау сертификаты: Принтмедиа технологиялар колледжінің түлектері жоғары даярлық деңгейін дәлелдеді

2026 жылғы 12 маусымда Принтмедиа технологиялар колледжінде брендтік сертификаттаудан сәтті өткен түлектерге кәсіби мойындау сертификаттарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Бұл маңызды шара түлектердің кәсіби құзыреттілігін, сапалы даярлығын және еңбек нарығының заманауи талаптарына сай дайындалғанын айқын көрсетті.
Брендтік сертификаттауға техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша оқуын аяқтап, өндірістік тәжірибеден табысты өткен бітірушілер қатысты. Оқу барысында олар теориялық білімдерін тереңдетіп қана қоймай, өндірістік ортада қажетті практикалық дағдыларды меңгерді. Нәтижесінде түлектер сертификаттау сынақтарынан жоғары деңгейде өтіп, өздерінің кәсіби даярлығын дәлелдей алды.
Демонстрациялық емтихан құзыреттілік орталығында өндірістік жағдайларға барынша жақындатылған ортада ұйымдастырылды. Тапсырмаларды орындау барысында қатысушылар кәсіби білімдерін, заманауи технологиялар мен жабдықтарды пайдалану дағдыларын, жауапкершілігі мен өндірістік міндеттерді тиімді шешу қабілеттерін көрсетті.
Брендтік сертификаттау – білім алушылардың кәсіби даярлығын тәуелсіз бағалаудың тиімді тетігі. Сертификат түлектердің кәсіби құзыреттілігін растап қана қоймай, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Сонымен қатар, мұндай бағалау жүйесі білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланысты нығайтып, мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін білікті кадрларды даярлаудың маңызды қадамы болып табылады.
Салтанатты рәсім барысында колледж басшылығы түлектерді жетістіктерімен құттықтап, олардың кәсіби жолында табысқа жетулеріне тілектестік білдірді. Сондай-ақ жас мамандарды даярлауға үлес қосқан оқытушыларға, өндірістік оқыту шеберлеріне, тәлімгерлер мен серіктес кәсіпорын өкілдеріне алғыс айтылды.
Принтмедиа технологиялар колледжі брендтік сертификаттаудан сәтті өткен барлық түлектерді құттықтай отырып, олардың алдағы кәсіби қызметінде зор жетістіктерге жетуіне, жаңа белестерді бағындыруына және еліміздің экономикасы мен саласының дамуына өз үлестерін қосуына тілектестік білдіреді.