Колледжімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кезекті семинар өтті
2026 жылғы 30 қазанда «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты және білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру семинары ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Жабаева Мөлдір Серікқызы, колледж әкімшілігі, педагогикалық ұжым және қызметкерлер қатысты.
Семинарды колледж директоры Абдуллаева Гульзада Абдуаетовна ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың, құқықтық сауаттылықты арттырудың және білім беру саласында адалдық пен ашықтық қағидаттарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында Мөлдір Серікқызы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттары, қолданыстағы заңнама талаптары және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін көзделген жауапкершілік түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Әсіресе білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, педагогтер мен білім алушылар арасындағы қарым-қатынаста кәсіби әдеп нормаларын сақтау, қызметтік өкілеттіктерді жеке мүддеге пайдаланбау, сондай-ақ сыйлықтар мен материалдық сыйақыларды қабылдауға қатысты заңнамалық шектеулер мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинар аясында қатысушыларға өмірлік оқиғалар негізінде дайындалған, сыбайлас жемқорлықтың адам тағдырына, отбасына және қоғамға тигізетін кері әсерін бейнелейтін тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде ашық сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылды. Колледж қызметкерлері сыйлық беру мен алудың құқықтық аспектілері, білім алушылардың құқықтарын қорғау, комплаенс қызметінің міндеттері және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан шаралар жөнінде өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Баяндамашы әрбір сұраққа нақты мысалдар келтіре отырып, жан-жақты түсіндірме берді.
Кездесу соңында колледжіміздің комплаенс қызметіне жауапты Мамыров Жасулан Сейсебайевич мазмұнды баяндама жасап, өзекті мәселелер бойынша құнды ақпарат ұсынғаны үшін Мөлдір Серікқызына алғысын білдірді.
Аталған семинар колледж ұжымының құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға және білім беру ортасында адалдық, әділдік пен ашықтық құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Колледжде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.