2026 жылғы 24 қыркүйекте Шанхай қаласында «WorldSkills 2026: Дағдыларға негізделген болашақты қалыптастыру» конференциясы аясында Еуразияның кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі халықаралық семинарда Алматы қаласы делегациясының басшысы Е.М. Абишаев «Болашаққа бағдарланған кәсіптік білім беру: «Би Шэн шеберханасы» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және Қытаймен халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы тәжірибесі таныстырылды. Кәсіптік білім беруді цифрлық трансформациялау, заманауи кәсіби құзыреттерді дамыту және халықаралық өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан әрі «Принтмедиа технологиялар колледжі» КМҚК директоры Г.А. Абдуллаеваның баяндамасында халықаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі тәжірибе алмасудан білім беру мазмұнын бірлесіп жобалауға және бірыңғай кәсіби кеңістік қалыптастыруға біртіндеп көшіп келе жатқаны атап өтілді. Мұндай тәсіл екі елдің білім беру ресурстарын, кәсіби құзыреттерін, заманауи технологиялары мен практикалық тәжірибесін біріктіруді көздейді.
Баяндама Қазақстан мен Қытай арасындағы ТжКБ саласындағы ынтымақтастықтың практикалық бағытын және цифрлық экономика жағдайында, сондай-ақ еңбек нарығының жылдам өзгеруі жағдайында тиімді жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға бағдарланғанын көрсетті. Халықаралық семинарға қатысу Қазақстан мен Қытай арасындағы кәсіби әріптестікті нығайту және студенттер, педагогтер мен білім беру ұйымдары үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру жолындағы кезекті қадам болды.
WorldSkills Shanghai 2026 кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және жаңа халықаралық білім беру серіктестіктерін қалыптастыру алаңына айналуда.